01
сентябрь
2020
Достық. Отаншылдық. Тәрбие.
Достық. Отаншылдық. Тәрбие.
1 қыркүйек күні Б.Кейкиев атындағы орта мектебінде Білім күніне орай «Достық.Отаншылдық.Тәрбие.» тақырыбында 9-11 сынып оқушыларымен дәріс өтті.Дәрісті мектеп директоры С.М.Тулегенова ұйымдастырды. Бітіруші түлектерді атаулы мерекемен құттықтап, Ерназар ауылдық округінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Т.Үрістембеков дәріске қатысты.


Сендер өте жақсы білесіңдер биылғы оқу жылы өте күрделі кезеңде басталғалы отыр. Оған әлем елдерін жайлаған коронавирус індетінің таралуы негізгі себеп болды.
Ал, біздің ұстаздарымыз оқушыларға наурыз айынан бері осы салмағы ауыр індеттен оларды қорғау мақсатында және аман сақтау үшін қашықтан оқыту жүйесінде сабақ беруде. Сол үшін, осындай жағдайларға үлкен түсіністікпен сендердің ата-аналарың мен ұстаздарыңа – рахмет айтамын.
Осы Білім күніне арналған алғашқы тәрбие сағатының – достық, отаншылдық пен тәрбиеге арналуы өте орынды.
Өйткені, осындай асыл қасиеттердің әрбір қазақстандықтардың, оның ішінде жастар мен жасөспірімдердің бойына сіңіру - бүгінгі күннің алдында тұрған үлкен міндет.
Жалпы, біздің жас мемлекетіміздің түп негізі, мәңгілік ұстанымы – бейбітшілік пен келісімге, бірлік пен тұрақтылыққа бағытталған. Қазақстанда осы қағиданы ұстанғанқаншама ұлт өкілдері ауызбіршілікте өмір сүруде. Елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.
Осы татулық пен бірлік – Тәуелсіз Қазақстанныңқысқа мерзімде қарқынды дамуының басты кепілі болғаны бүгінгі күннің ақиқаты.
Қазақстанның көпұлтты халқының татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі – еліміздің ең басты байлығы. Елімізде бұл құндылықтардың сақталуына айрықша мән берілуде.
«Тәрбие басы – тал бесіктен» - демекші, осы асыл қасиеттерді бала кезінен сіңіру қажет. Жас ұрпақ тәрбиесіне дана халқымыз қашанда бей-жай қарамағаны белгілі. Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Өйткені, бүгінгі бала, ертеңгі ел иесі!
Бұл жауапты міндетті іске асыруда ата-ана, мектеп, ұстаз бен қоғамның орны бөлек. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Ал, біздің дана халқымыз – бала тәрбиесін ең алдыңғы қатарға шығарған.
Бүгінгі бәсекеге қабілетті болуды талап еткен қоғамда жас ұрпақты сол қоғам мүддесіне сай, оның мұң-мұқтажын өтерлік, елін, жерін, халқын көзінің қарашығындай қорғайтын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуді көздеп отыр.
Соңғы екі жыл ішінде облыстың кейбір аудандарында ұлтаралық шиеленісті жағдайлардың туындағаны көпке мәлім. (Мысалы: Байзақ ауданының Бурыл ауылында, Қордай ауданының Масаншы, Ауқатты ауылдарында, Талас ауданының Қасқабұлақ ауылында орын алды.)
Өкініштісі, осы жағдайларға біздің жастарымыздың араласуында болып отыр. Дегенмен, дер кезінде тиісті шаралар қолданып, достығы мен татулығына сызат түскен ағайындар арасында үлкен түсінік жұмыстары жүргізіп, жағдай тұрақталынды. Бірақ, осымен барлық мәселе шешілді деуге бола ма? Әрине, жоқ.
Сондықтан, әрбір жас азамат әрқашан еліміздегі достық пейіл мен тұрақтылықты сақтауға, ынтымақ пен бірлікке ұмтылуы керек, оған жол бермеуге барынша ықпал етулері қажет. Бұл біздің ұлттық және мемлекеттік саясатымыздың темірқазығы!
Осылардың арасында – туған Отаныңды жаныңдай жақсы көру, оған сүйеніш болу, оның бар құндылықтарын көздің қарашығындай сақтау деген Ұлт Бақыты!
Ал, ұлт бақыты – ел ішіндегі тыныштық!
Сондықтан, отаншылдық, ұлтжандылық қасиеттер әрине туған Отаныңды, ана тіліңді, ұлтыңның рухани құндылықтарына аса зор құрметпен қараудан бастау алары бұлтартпас шындық.
Өйткені, туған Отаныңды сүю – ол парызың.
Ал, ана тіліңді жетік білу – ол қарызың.
Рухани бай мұраңа асқан құрметпен қарау – ол міндетің.
Сендерді, осындай ғасырдан-ғасырға ата-бабадан мирас болған асыл қасиеттерді құрметтеуге шақырамын.
Сонда ғана, туған Отанымыздың іргесі берік, ана тіліміздің мәртебесі биік, таусылмас бай рухани қазыналарымыздың – ұрпақ игілігіне айналары сөзсіз.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев биылғы 2020 жылды «Абай жылы» деп жариялауында үлкен мән бар.
Өйткені, ұлт ұстазы атанған ұлы ғұлама Абайдан қалған шексіз мұралар, оның ішінде жастар мен жас ұрпаққа айтқан қасиетті өсиеттері өзінің мәнін ХХІ ғасырда да жоймай отыр.
Ал, ұлы ойшыл Абай – жастарды білімге, ғылымға, еңбекке, өнерге үндеп, тағылымы мол тәрбиелі болуға шақырған жоқ па?!
Сондықтан, ұлттық тәрбиенің қайнар бастауының негізі – отаншылдық және ұлтжандылық қасиеттермен арасы ажырамаған егіз ұғым екені даусыз.
Әлем елдерінде осындай берекесіздіктердің қандай жағдайларға душар етіп отырғанын күнделікті көріп жүрміз.
Қазақстан берекесін – бірліктен, табысын – татулықтан тауып етіп отырған мемлекет екені жаһанға аян.
Сондықтан, қолда бар – береке-бірлігімізге, достығымыз тен татулығымызға әрқашан сергек қарауымыз керек.
Ал, жастарымыздың уайымсыз білім алуына, ғылыммен айналысуына, еңбек етуіне не керек деген сұрақ осы жерде орынды туындайды.
Оған, ең бірінші кезекте – қоғамның тұрақтылығы мен көпұлтты халқымыздың ажырамас бірлігі аса қажет.
Бұл жағдайлар жастарды Отансүйгіштікке, рухани-адамгершілікке, толеранттылыққа тәрбиелеу, бірін-бірі құрметтеу, ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы жұмысты күшейту керек екендігін ашық көрсетті.
Көпэтносты Қазақстан Республикасында тарихи сын сағаттарда этносаралық келісімнің тұрақты болуы, ең алдымен, жергілікті халықтың ұлттық ерекшелігінен, яғни оның даналығы, кеңдігі деуге болар. Сондықтан, еліміз үшін тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаудың, этносаралық келісім мен татулықты дамытудың маңызы аса зор.
Екіншіден, біздің халқымыздың кешегі қиын-қыстау заманда үйсіз, күйсіз келген босқын халықты бауырына басып, нанымен бөлісіп, ұядай ұйінен соларға орын бергені төл тарихымызданбелгілі ғой!
Сол халықтар бұл теңдессіз жақсылықты бүгінге дейін ұмытпай айтып жүр.
Ал, біздің халық қай заманда болмасын – бала тәрбиесін ең алдыңғы қатарға қоя білген. Өйткені, отбасынан, мектеп қабырғасынан тағылымды тәрбие барлық тірлікке бастау болады.
Сондықтан да, ел ертеңі, ұлт болашағы болудың аса жауапты сенімін арқалаған жас достарым, тәрбие мәселесі сендер үшін айрықша маңызды.
Достық деген – ауқымы үлкен, мәртебесі биік ұлы құндылық әрбір екі адамды бала кезінен жақсылыққа үндеп, қамқорлыққа жетелейтін қасиетті ұғым.
Ал, шынайы достық – ұлтқа бөлінбейді. Оның шекарасы жоқ. Достықтың қадір-қасиетін тек қана – таза көңілді әділ болуымен өлшенері ақиқат.
Қымбатты жас достарым!
Енді алда тұрған ұлы мақсат – ата-бабаларымыз армандаған Тәуелсіздікті берік сақтау үшін жастарымыздың бойындағы отансүйгіш қасиеттер керек.
Қоғамда тұрақтылық болғанда ғана – экономикалық даму болады.
«Ұрпақ тәрбиелі болса, сол ұлттың болашағы да жарқын болмақ» - демекші, ел ішіндегі татулық пен ұлттар арасындағы достықты, толеранттылықты насихаттау, оны жас ұрпаққа түсіндіру жұмыстары үзбей жүргізілуі қажет.
Жастарға дұрыс ықпал, түзу бағдар беруде тәрбие жұмысын бір минутта бос өткізбеу керек. Жастар қоғам тынысымен қатар тыныстаулары қажет. Бұл баршымыздың, оның ішінде ата-ананың, педагогикалық ұжымның, қоғамның қастерлі борышы.
Мен сендерді білім күні мерекесімен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңе саулық, басталғалы тұрған жаңа оқу жылдарыңа сәттілік тілеймін.
Жарқын күндеріміз көп болсын!
Мектеп директоры С.М.Тулегенова