Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі » Сш им Кейкиева
Қабылдау бөлімі :
+7(7263) 35-24-09
Есепші бөлімі:
+7(7263) 35-24-09
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » » Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі
03
декабрь
2018

Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі

Жалпы бөлім
1 бөлiм. Жалпы ережелер
1-тарау. Азаматтық-құқықтық қатынастарды реттеу
1-бап. Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастар
1. Азаматтық заңдармен тауар-ақша қатынастары және қатысушылардың теңдiгiне негiзделген өзге де мүлiктiк қатынастар, сондай-ақ мүлiктiк қатынастарға байланысты мүлiктiк емес жеке қатынастар реттеледi. Азаматтық заңдармен реттелетiн қатынастардың қатысушылары азаматтар, заңды тұлғалар, мемлекет, сондай-ақ әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер болып табылады.

2. Мүлiктiк қатынастарға байланысы жоқ мүлiктiк емес жеке қатынастар азаматтық заңдармен реттеледi, өйткенi олар заң құжаттарында өзгеше көзделмеген, не мүлiктiк емес жеке қатынастар мәнiнен туындамайды.

3. Осы баптың 1-тармағында аталған белгiлерге сай келетiн отбасылық, еңбек қатынастары мен табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау жөнiндегi қатынастарға азаматтық заңдар бұл қатынастар тиiсiнше отбасылық, еңбек заңдарымен, табиғи ресурстарды пайдалану және айналадағы ортаны қорғау туралы заңдармен реттелмеген жағдайларда қолданылады.

4. Заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, бiр тараптың екiншiсiне әкiмшiлiк немесе өзге де билiк жағынан бағынуына негiзделген мүлiктiк қатынастарға, соның iшiнде салық жөнiндегi және басқа бюджеттiк қатынастарға азаматтық заңдар қолданылмайды.

2-бап. Азаматтық заңдардың негiзгi бастаулары
1. Азаматтық заңдар өздерi реттейтiн қатынастарға қатысушылардың теңдiгiн, меншiкке қол сұқпаушылықты, шарт еркiндiгiн, жеке iстерге кiмнiң болса да озбырлықпен араласуына жол беруге болмайтындығын, азаматтық құқықтарды кедергiсiз жүзеге асыру, нұқсан келтiрiлген құқықтардың қалпына келтiрiлуiн, оларды соттың қорғауын қамтамасыз ету қажеттiгiн тануға негiзделедi.

2. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiнiң азаматтық құқықтарына өз еркiмен және өз мүддесiн көздей отырып ие болады және оларды жүзеге асырады, сондай-ақ егер заңнамалық актілерде өзгеше белгіленбесе, құқықтарынан бас тартады. Олар шарт негiзiнде өздерiнiң құқықтары мен мiндеттерiн анықтауда және оның заңнамаға қайшы келмейтін кез келген талаптарын белгiлеуде ерiктi.

3. Тауарлар, қызмет және ақша Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында емiн-еркiн орын ауыстырып және айналысқа түсiп отырады. Егер қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау, табиғат пен мәдени қазыналарды сақтау үшiн қажет болса, заң құжаттарына сәйкес тауарлар мен қызметтiң орын ауыстыруына шектеулер енгiзiледi.

Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11 N 154, 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
3-бап. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары
1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен, Қазақстан Республикасының оған сәйкес қабылданған өзге де заңдарынан, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлықтарынан, Парламенттiң қаулыларынан, Парламенттiң Сенаты мен Мәжiлiсiнiң қаулыларынан (заң актiлерiнен), сондай-ақ осы Кодекстiң 1-бабының 1,2-тармақтарында аталған қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтарынан, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларынан тұрады.

2. Осы Кодекстiң 1-бабының 3-тармағында аталғандарды қоспағанда, азаматтық құқықтың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде қамтылған нормалары осы Кодекстiң ережелерiне қайшы келген жағдайда осы Кодекстiң ережелерi қолданылады, Қазақстан Республикасының заңдарында қамтылған және осы Кодекстiң нормаларына қайшы келетiн азаматтық құқық нормалары Кодекске тиiстi өзгерiстер енгiзiлгеннен кейiн ғана қолданылады.

Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының негізгі бастауларына қайшы келмейді.

3. Банктер мен астық қабылдау кәсiпорындарының құрылуына, қайта ұйымдастырылуына, банкроттығына және таратылуына, банк қызметiн бақылау мен оны аудиторлық тексеруге, астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн бақылауға, банк операцияларының жекелеген түрлерiн лицензиялауға, банктерді қайта құрылымдауға, банктерді лицензияларынан айыру салдарларының туындауына, астық қабылдау кәсiпорындарының қойма куәлiктерiмен операцияларды жүзеге асыруға байланысты қатынастар банк қызметiн және астық қабылдау кәсiпорындарының қызметiн реттейтiн заң актiлерiне қайшы келмейтiн бөлiгiнде осы Кодекспен реттеледi.

Банктер мен олардың клиенттерi арасындағы қатынастар, сондай-ақ клиенттер арасындағы банк арқылы қатынастар азаматтық заңдармен осы баптың 2-тармағында белгiленген тәртiп бойынша реттеледi.

4. Азаматтық қатынастар, егер әдеттегi құқықтар, соның iшiнде iскерлiк қызмет өрiсiндегi әдеттегi құқықтар Қазақстан Республикасы аумағында қолданылып жүрген азаматтық заңдарға қайшы келмесе, солармен реттелуi мүмкiн.

5. Министрлiктер және өзге де орталық атқарушы органдар, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, осы Кодексте және өзге де азаматтық заң актiлерiнде көзделген жағдайлар мен шектерде азаматтық қатынастарды реттейтiн актiлер шығара алады.

6. Азаматтар мен заңды тұлғалардың осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң құжаттарында белгiленген құқықтарын мемлекеттiк басқару органдары мен жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдардың құжаттары шектей алмайды. Мұндай құжаттар қабылданған кезден бастап жарамсыз болып табылады және қолданылмауға тиiс.

7. Егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, шетелдiк жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшiн қандай құқықтар мен мiндеттер көзделсе, нақ сондай құқықтарға ие болуға қақылы және сондай мiндеттердi орындауға мiндеттi.

8. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарындағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, аталған шарттың ережелерi қолданылады. Халықаралық шарттан оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлгеннен басқа жағдайларда, азаматтық қатынастарға Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар тiкелей қолданылады.

Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентiнiң 1995.08.31 N 2447 заң күші бар Жарлығымен, ҚР 1998.03.02 N 211, 2001.01.15 N 141, 2009.04.29 N 154-IV, 2009.07.11 N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
4-бап. Азаматтық заңдардың уақытқа қарай қолданылуы
1. Азаматтық заң құжаттарының керi күшi болмайды және өздерi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған қатынастарға қолданылады. Азаматтық заң құжаттарының заңдық күшi өздерi күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастарға бұл оларда тiкелей көзделген реттерде қолданылады.

2. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн пайда болған қатынастар бойынша ол өзi күшiне енгiзiлгеннен кейiн пайда болған құқықтар мен мiндеттерге қолданылады. Азаматтық заң құжаттары күшiне енгiзiлгенге дейiн жасалған шарт бойынша тараптардың қатынастары осы Кодекстiң 383-бабына сәйкес реттеледi.

5-бап. Азаматтық заңдардың ұқсастығына қарай қолданылуы
1. Осы Кодекстiң 1-бабындағы 1 және 2-тармақтарда көзделген қатынастар заңдармен немесе тараптардың келiсiмiмен тiкелей реттелмеген және оларға қолдануға келетiн әдет-ғұрып болмаған жағдайларда, мұндай қатынастарға, олардың мәнiне қайшы келмейтiн болғандықтан, азаматтық заңдардың ұқсас қатынастарды реттейтiн қалыптары қолданылады (заң ұқсастығы).

2. Аталған жағдайларда заң ұқсастығын пайдалану мүмкiн болмаса, тараптардың құқықтары мен мiндеттерi азаматтық заңдардың жалпы негiздерi мен мәнi және адалдық, парасаттылық пен әдiлеттiлiк талаптары негiзге алына отырып белгiленедi (құқық ұқсастығы).

6-бап. Азаматтық заң қалыптарының түсiнiлуi
1. Азаматтық заң қалыптары оларда айтылған сөздердiң дәлме-дәл мәнiне сәйкес түсiнiлуге тиiс. Заң қалыптарының текстiнде қолданылған сөздердi әртүрлi түсiну мүмкiн болған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелерiне және азаматтық заңдардың осы тарауда, ең алдымен оның 2-бабында баяндалған негiзгi қағидаттарына сай келетiн түсiнiкке басымдық берiледi.

2. Азаматтық заң қалыптарының дәл мағынасын анықтау кезiнде, егер бұл осы баптың 1-тармағында баяндалған талаптарды бұрмаламайтын болса, ол күшiне енгiзiлген кездегi тарихи жағдайларды және оның сот тәжiрибесiндегi түсiнiлуiн ескеру қажет.

7-бап. Азаматтық құқықтар мен мiндеттердiң пайда болу, өзгеру және тоқтатылу негiздерi

Азаматтық құқықтар мен мiндеттер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негiздерден, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың әрекеттерiнен пайда болады, өзгереді және тоқтатылады, өйткенi, осы әрекеттер азаматтық заңнамада көзделмегенiмен, олардың жалпы бастаулары мен мәнiне байланысты азаматтық құқықтар мен мiндеттердi туындатады.

Осыған сәйкес азаматтық құқықтар мен мiндеттер:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шарттардан және өзге де мәмiлелерден, сондай-ақ азаматтық заңнамада көзделмегенімен, бірақ Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн мәмiлелерден;

2) Қазақстан Республикасы заңнамасының күшімен азаматтық-құқықтық салдарларға алып келетін әкiмшiлiк актілерден;

3) азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеген сот шешiмiнен;

4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған негiздер бойынша мүлiктi жасау, жою, сатып алу немесе оны иеліктен шығару, сондай-ақ мүлікке құқықтан бас тарту нәтижесiнде;

5) өнертабыстарды, өнеркәсiптiк үлгiлерді, ғылым, әдебиет және өнер туындыларын және зияткерлік қызметтiң өзге де нәтижелерiн жасау салдарынан;

6) басқа тұлғаға зиян келтiру салдарынан, сол сияқты басқа тұлға есебiнен мүлiктi негiзсiз сатып алу немесе жинау (негiзсiз баю) салдарынан;

7) азаматтар мен заңды тұлғалардың өзге де әрекеттерi салдарынан;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасы азаматтық-құқықтық салдарлардың басталуын байланыстыратын оқиғалар салдарынан пайда болады, өзгереді және тоқтатылады.

Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
8-бап. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру
1. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген азаматтық құқықтарды, соның iшiнде өздерiн қорғау құқығын өз қалауынша пайдаланады.

2. Азаматтар мен заңды тұлғаларға тиесілі құқықтардың жүзеге асырылмауы, заңнамалық актілерде көзделген жағдайларды қоспағанда, бұл құқықтардың тоқтатылуына әкеп соқпайды.

3. Азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектiлерiнiң құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға, айналадағы ортаға зиян келтiрмеуге тиiс.

4. Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.

Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi.

5. Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.

6. Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.

7. Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.

Ескерту. 8-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
9-бап. Азаматтық құқықтарды қорғау
1. Азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелiк: құқықтарды тану; құқық бұзылғанға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру; құқықты бұзатын немесе оның бұзылу қаупiн туғызатын әрекеттердің жолын кесу; мiндеттi заттай орындатуға ұйғарым шығару; залалдарды, тұрақсыздық айыбын өндiрiп алу; дау айтылатын мәмiленi жарамсыз деп тану және оның жарамсыздығы салдарын қолдану, маңызсыз мәміленің жарамсыздығы салдарын қолдану; моральдық зиянның өтемiн төлету; құқықтық қатынастарды тоқтату немесе өзгерту; мемлекеттiк басқару органының немесе жергiлiктi өкiлдi не атқарушы органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтiн актісін жарамсыз немесе қолдануға жатпайды деп тану; азаматқа немесе заңды тұлғаға құқықты иеленуіне немесе жүзеге асыруына кедергi келтіргені үшiн мемлекеттiк басқару органынан немесе лауазымды адамнан айыппұл өндiрiп алу арқылы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де тәсілдермен жүзеге асырады.

Заңды тұлғалардың моральдық зиянды өтетуге құқығы жоқ.

2. Бұзылған құқықты қорғау үшiн өкiмет билiгi немесе басқару органына өтiнiш жасау, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, құқық қорғау туралы талап қойып сотқа жолдануға кедергi жасамайды.

3. Заң құжаттарында арнайы көзделген реттерде азаматтық құқықтарды қорғау құқығы бұзылған адамның тiкелей iс жүзiндегi немесе заңдық әрекеттерiмен жүзеге асырылуы мүмкiн (өзiн-өзi қорғау).

4. Құқығы бұзылған адам, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзiне келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады.

Құқығы бұзылған адам жасаған немесе жасауға тиiстi шығыстар, оның мүлкiнiң жоғалуы немесе зақымдануы (нақты нұқсан), сондай-ақ сол адамның құқығы бұзылмаған болса, дағдылы айналым жағдайында оның алуына болатын, бiрақ алынбай қалған табыстары (айрылып қалған пайда) залалдар деп түсiнiледi.

5. Мемлекеттiк өкiмет билiгi органының, өзге де мемлекеттiк органның заңдарға сай келмейтiн құжат шығаруы, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекетi (әрекетсiздiгi) салдарынан азаматқа немесе заңды тұлғаға келтiрiлген залалды Қазақстан Республикасы немесе тиiсiнше әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiс өтеуге тиiс.

6. Егер тәртiп бұзудың құқықтық салдарының пайда болуы тәртiп бұзушының кiнәсiне байланысты болса, заң құжаттарында өзгеше көзделгеннен басқа жағдайларда, ол кiнәлi деп ұйғарылады.

Ескерту. 9-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 125-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.04.2016 № 489-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.02.2017 № 49-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
10-бап. Кәсiпкерлер мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау
1. Азаматтардың, оралмандардың және заңды тұлғалардың мүлікті пайдалану, тауарларды өндіру, сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету арқылы таза кіріс алуға бағытталған, жеке меншік құқығына (жеке кәсіпкерлік) не шаруашылық жүргізу немесе мемлекеттік кәсіпорынды жедел басқару құқығына (мемлекеттік кәсіпкерлік) негізделген дербес, бастамашылық қызметі кәсіпкерлік болып табылады. Кәсіпкерлік қызмет кәсіпкер атынан, оның тәуекел етуімен және мүліктік жауапкершілігімен жүзеге асырылады.

2. Мемлекет кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне кепiлдiк бередi және оны қорғау мен қолдауды қамтамасыз етедi.

3. Заңдарда тыйым салынбаған қызметтi жүзеге асырушы кәсiпкерлердiң құқықтары:

1) кәсiпкерлiк қызметтi, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген рұқсаттардан және хабарламалардан басқа, қандай да бір рұқсаттар алмай не хабарламаларды жібермей жүзеге асыру мүмкiндiгi арқылы;

2) экономиканың барлық салаларындағы кәсiпкерлiктiң барлық түрiн бiр ғана тiркеушi органда тiркеудiң барынша қарапайым өз бетiмен жүргiзетiн тәртiбiмен;

3) кәсiпкерлiк қызметке мемлекеттiк органдар жүргiзетiн тексерулердi заң құжаттарымен шектеу арқылы;

4) кәсiпкерлiк қызметтi заң құжаттарында көзделген негiз бойынша шығарылған сот шешiмi бойынша ғана ерiксiз тоқтату арқылы;

5) жеке кәсiпкерлiк үшiн тыйым салынған, экспорт немесе импорт үшiн тыйым салынған немесе шек қойылған жұмыс, тауарлардың түрлерi мен қызмет тiзбесiн заң құжаттарында белгiлеу арқылы;

6) мемлекеттiк органдарды, лауазымды адамдарды, сондай-ақ өзге де жақтар мен ұйымдарды кәсiпкерлердiң қызметiне заңсыз кедергi жасағаны үшiн олардың алдындағы заңдарда белгiленген мүлiктiк жауапкершiлiкке тарту арқылы;

6-1) атқарушы бақылау және қадағалау органдарына кәсiпкерлiк субъектiлерiмен осы органдардың функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiнде шарттық қатынастарға кiруге тыйым салу арқылы;

7) заңдарда көзделген өзге де амалдармен қорғалады.

4. Рұқсат беру немесе хабарлама жасау тәртібін белгілеу адамдардың өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны, меншікті қорғау, ұлттық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қызметтің немесе әрекеттің (операцияның) қауіптілік деңгейіне қарай "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен жүргізіледі.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өнімге қойылатын талаптар, сәйкестікті міндетті растау жөніндегі талаптар мемлекеттік реттеу мақсаттарына қол жеткізу үшін жеткіліксіз болған жағдайларда, рұқсат беру тәртібі белгіленеді.

5. Коммерциялық (кәсiпкерлiк) құпия заңмен қорғалады. Коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтердi анықтау тәртiбi, оның қорғау құралдары, сондай-ақ коммерциялық құпия құрамына енбейтiн мәлiметтер тiзбесi заңдарда белгiленедi.

6. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау осы Кодексте немесе өзге де заң құжаттарында көзделген құралдармен қамтамасыз етiледi.

Әрбiр тұтынушының, атап айтқанда:

- тауарлар сатып алу, жұмыс пен қызметтi пайдалану үшiн еркiн шарт жасасуға;

- тауарлардың (жұмыстың, қызметтiң) тиiсiнше сапалы және қауiпсiз болуына;

- тауарлар (жұмыс, қызмет) жөнiнде толық және анық мәлiмет алуға;

- тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарына бiрiгуге құқығы бар.

Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР Президентiнiң 1996.01.27 N 2835 Жарлығымен, ҚР 1997.07.11 N 154, 1998.07.10 N 283, 2007.01.12 N 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2011.03.25 N 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

11-бап. Кәсiпкерлiк еркiндiгiн пайдаланып қиянат жасауға жол бермеу
1. Заңды бәсекелестiктi шектеуге немесе жоюға, негiзсiз артықшылықтар алуға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiне қысым жасауға бағытталған монополистiк және қандай болса да басқа қызметке жол берiлмейдi.

2. Заң құжаттарында көзделген реттердi қоспағанда, кәсiпкерлердiң азаматтық құқықтарды бәсекелестiктi шектеу мақсатында пайдалануына, соның iшiнде:

1) кәсiпкерлердiң рыноктағы өздерiнiң үстем жағдайын пайдаланып, атап айтқанда, тауар тапшылығын жасау немесе бағаны көтеру үшiн тауар өндiрудi шектеу немесе тоқтатып тастау, не айналыстан алып тастау арқылы қиянат жасауына;

2) ұқсас кәсiпкерлiк қызмет жүргiзушi адамдардың баға, рыноктарды бөлiсу, басқа кәсiпкерлердi аластау туралы және бәсекелестiктi едәуiр шектейтiн өзге де жағдайлар туралы келiсiмдер жасасуына және оларды орындауына;

3) ұқсас кәсiпкерлiк қызмет жүргiзушi адамның және тұтынушылардың заңды мүдделерiне қысым көрсетуге бағытталған терiс пиғылды әрекеттер жасауына (терiс пиғылды бәсекелестiк), атап айтқанда, тұтынушыларды басқа кәсiпкердiң тауар дайындаушысы, дайындау мақсаты, әдiсi мен орны, сапасы және өзге де қасиеттерi жөнiнен шатастыру арқылы, тауарларды жарнамалық және өзге де ақпаратта әдепсiздiкпен салыстыру, бөтен тауардың сыртқы безендiрiлуiн көшiрiп алу арқылы және басқа да әдiстермен шатастыруына жол берiлмейдi.

Терiс пиғылды бәсекелестiкке қарсы күрес жөнiндегi шаралар заң құжаттарымен белгiленедi.

2-тарау. Азаматтық құқықтардың субъектілері
Параграф 1. Қазақстан Республикасының азаматтары
және басқа жеке тұлғалар
12-бап. Жеке тұлға ұғымы
Қазақстан Республикасының азаматтары, басқа мемлекеттердiң азаматтары, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар жеке тұлғалар болып ұғынылады. Егер осы Кодексте басқаша белгiленбесе, бұл тараудың ережелерi барлық жеке тұлғаларға қолданылады.

13-бап. Азаматтардың құқық қабiлеттiлiгi
1. Азаматтық құқыққа ие болып, мiндет атқару қабiлетi (азаматтық құқық қабiлеттiлiгi) барлық азаматтарға бiрдей деп танылады.

2. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгi ол туған кезден басталып қайтыс болған соң тоқтатылады.

14-бап. Азаматтың құқық қабiлеттiлiгiнiң негiзгi мазмұны
Азаматтың Қазақстан Республикасы шегiнде де, одан тыс жерлерде де мүлiктi, соның iшiнде шетел валютасын меншiктенуге; мүлiктi мұраға алып, мұраға қалдыруға; республика аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты жер таңдауға; республикадан тыс жерлерге еркiн шығып кетуге және оның аумағына қайтып оралуға; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген қызметпен айналысуға; дербес өзi немесе басқа азаматтармен және заңды тұлғалармен бiрiгiп заңды тұлғалар құру; заң құжаттарында тыйым салынбаған кез келген мәмiле жасасып, мiндеттемелерге қатысу; өнертабыстарға, ғылым, әдебиет және өнер шығармаларына, интеллектуалдық қызметтiң өзге де туындыларына интеллектуалдық меншiк құқығы болуға; материалдық және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқығы болады; басқа да мүлiктiк және жеке мүліктік емес құқықтары болады.

Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
15-бап. Азаматтың есiмi
1. Азамат тегi мен есiмiн, сондай-ақ қалауы бойынша - әкесiнiң атын қоса отырып, өз атымен құқықтар мен мiндеттер алады және оларды жүзеге асырады.

2. Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленiп, мiндеттердi жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншiк ат (ойдан шығарылған есiмдi) пайдаланатын реттерi көзделуi мүмкiн.

3. Азаматтың туған кезде берiлген есiмi, сондай-ақ есiмiн өзгерту азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы заңдарда белгiленген тәртiп бойынша тiркелуге тиiс.

4. Азамат өз есiмiн заң құжаттарында белгiленген тәртiп бойынша өзгертуге құқылы. Есiмiн өзгерту оның бұрынғы есiмiн, жасырын немесе бүркеншiк атпен алған құқықтары мен мiндеттерiн тоқтатуға немесе өзгертуге негiз болмайды.

5. Азамат өзiнiң борышқорлары мен несие берушiлерiне өз есiмiн өзгерткенi туралы хабарлау үшiн қажеттi шаралар қолдануға мiндеттi және бұл адамдарда оның есiмi өзгертiлгендiгi туралы мәлiметтер болмауынан туған ықтимал зардаптарға тәуекел етедi.

6. Есiмiн өзгерткен азамат өзiнiң бұрынғы есiмiне ресiмделген құжаттарға тиiстi өзгерiстер енгiзiлуiн талап етуге құқылы.

7. Басқа бiр адамның есiмiмен құқықтар мен мiндеттер иеленуге жол берiлмейдi.

8. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азамат өз есiмi оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.

9. Азаматтың есiмiн заңсыз пайдалану нәтижесiнде оған келтiрiлген зиян осы Кодекстiң ережелерiне сәйкес өтелуге тиiс.

Азаматтың есiмi оның абыройына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне нұқсан келтiретiн әдiстермен немесе сондай нысанда бұрмаланған не пайдаланылған жағдайда осы Кодекстiң 143-бабында көзделген ережелер қолданылады.

Ескерту. 15-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 № 225; 21.05.2013 № 95-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

16-бап. Азаматтың тұрғылықты жерi және заңды мекенжайы
1. Азамат тұрақты немесе көбiнесе тұратын елдi мекен оның тұрғылықты жерi деп танылады.

2. Он төрт жасқа толмаған адамдардың (жас балалардың) немесе қорғаншылықтағы азаматтардың тұрғылықты жерi олардың заңды өкілдерінің тұрғылықты жерi болып танылады.

3. Азаматтың жеке және заңды тұлғалармен, сондай-ақ мемлекетпен қарым-қатынастарында пайдаланатын заңды мекенжайы болады.

Азаматтың тiркелген жерi оның заңды мекенжайы болып танылады.

Азаматтарды тiркеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi айқындайды.

4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайлардан басқа, азаматтың тұрғылықты жерi және заңды мекенжайы туралы ақпарат оның келiсiмiнсiз пайдаланылған жағдайда, оған тыйым салынуын талап етуге құқылы.

Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.01.12 № 224, 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.05.2013 № 95-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн алты ай өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

17-бап. Азаматтардың әрекет қабiлеттiлiгi
1. Азаматтың өз әрекеттерiмен азаматтық құқықтарға ие болуға және оны жүзеге асыруға, өзi үшiн азаматтық мiндеттер жасап, оларды орындауға қабiлеттiлiгi (азаматтық әрекет қабiлеттiлiгi) кәмелетке толғанда, яғни он сегiз жасқа толғаннан кейiн толық көлемiнде пайда болады.

2. Заң құжаттарында он сегiз жасқа жеткенге дейiн некелесуге рұқсат етiлетiн жағдайда, он сегiз жасқа толмаған азамат некеге тұрған кезден бастап толық көлемiнде әрекет қабiлеттiлiгiне ие болады.

3. Егер заң құжаттарында өзгеше белгiленбесе, барлық азаматтардың әрекет қабiлеттiлiгi тең болады.

18-бап. Құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiнен айыруға және оларды шектеуге жол бермеу
1. Заң құжаттарында көзделген реттер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмнiң де құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiн шектеуге болмайды.

2. Азаматтардың құқық қабiлеттiлiгi мен әрекет қабiлеттiлiгiн шектеудiң заң құжаттарында белгiленген шарттары мен тәртiбiнiң немесе олардың кәсiпкерлiк не өзге де қызметпен айналысу құқығының сақталмауы тиiстi шектеудi белгiлеген мемлекеттiк немесе өзге де органның құжатын жарамсыз деп тануға әкелiп соқтырады.

3. Құқық қабiлеттiлiгiн немесе әрекет қабiлеттiлiгiн шектеуге бағытталған басқа да мәмiлелерге заңнамалық актілерде рұқсат берiлген жағдайларды қоспағанда, азаматтың құқық қабiлеттiлiгiнен немесе әрекет қабiлеттiлiгiнен толық немесе iшiнара бас тартуы және осындай мәмiлелер маңызсыз болады.

Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
19-бап. Азаматтардың кәсiпкерлiк қызметi
1. Азаматтар, осы Кодексте және өзге заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда заңды тұлға құрмай-ақ кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқылы.

2. Дара кәсiпкерлердi мемлекеттiк тiркеу дара кәсiпкер ретiнде есепке қоюды білдіреді.

3. Азаматтардың заңды тұлға құрмай-ақ жүзеге асырылатын кәсiпкерлiк қызметiне, егер заңдардан немесе құқықтық қатынастар мәнiнен өзгеше нәрсе туындамайтын болса, тиiсiнше осы Кодекстiң коммерциялық ұйымдар болып табылатын заңды тұлғалардың қызметiн реттейтiн ережелерi қолданылады.

4. Жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуге жатады.

4-1. Алып тасталды - ҚР 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5. Егер дара кәсіпкер лицензиялануға жататын қызметті жүзеге асырса, оның осындай қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы болуы міндетті.

Лицензия Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен беріледі.

Қазақстан Республикасының Үкіметі дара кәсіпкерлерге лицензиялар берудің оңайлатылған тәртібін белгілеуге құқылы.

Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1997.07.02 № 144-I, 2001.12.24 № 276, 2008.12.10 № 101-IV (2009.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2010.06.30 № 297-IV (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі), 2012.12.26 № 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
20-бап. Азаматтың мүлiктiк жауапкершiлiгi
1. Азамат өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi бүкiл мүлiкпен жауап бередi, бұған заң құжаттарына сәйкес ақы өндiрiп алуға болмайтын мүлiктер кiрмейдi.

2. Алып тасталды - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
21-бап. Жеке кәсiпкердiң банкроттығы
1. Дара кәсiпкердiң дәрменсiздiгi (осы Кодекстiң 52-бабы) оны банкрот деп тануға негiз болып табылады.

2. Дара кәсіпкердің банкроттығы Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген қағидалар бойынша ерiктi немесе мәжбүрлi түрде танылады. Дара кәсiпкер банкрот деп танылған кезден бастап оны дара кәсiпкер ретiнде тiркеудiң күшi жойылады.

3. Дара кәсiпкерге банкроттық рәсiмдерiн қолданған кезде оның кәсiпкерлiк қызметпен байланысты емес мiндеттемелер бойынша кредиторлары, егер осындай мiндеттемелер бойынша орындау мерзiмi басталған болса, өз талаптарын қоюға да құқылы. Көрсетілген кредиторлардың осындай тәртiппен мәлiмделмеген талаптары, сондай-ақ мүліктік массадан толық көлемде қанағаттандырылмаған талаптар күшiн сақтап қалады және банкроттық рәсiмдері аяқталғаннан кейiн жеке тұлға ретiнде борышкерге өндiрiп алынуға қойылуы мүмкiн. Бұл талаптардың мөлшерi борышкердiң банкроттығы процесiнде алынған қанағаттандыру сомасына азайтылады.

Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 07.03.2014 N 177-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың әрекет қабiлеттiлiгi
1. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар мәмiлелердi олардың заңды өкілдерінің келiсiмiмен жасайды. Мұндай келiсiмнiң нысаны заңдарда кәмелетке толмағандар жасайтын мәмiле үшiн белгiленген нысанға сай келуге тиiс.

2. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар өздерiнiң табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өздерi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк етуге, сондай-ақ тұрмыстық ұсақ мәмiлелер жасасуға құқылы.

3. Жеткiлiктi негiздер болған жағдайда сот кәмелетке толмаған адамның өз табысына, стипендиясына, өзге де кiрiстерiне және өзi жасаған интеллектуалдық меншiк құқығы объектiлерiне өз бетiнше билiк ету құқығын шектеуi немесе ол құқықтан айыруы мүмкiн.

4. Он төрт жастан он сегiз жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар осы баптың ережелерiне сәйкес өздерi жасаған мәмiлелер бойынша дербес жауапты болады және өздерiнiң әрекеттерiнен келтiрiлген зиян үшiн осы Кодекстiң ережелерi бойынша жауап бередi.

Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

22-1-бап. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабiлеттi деп жариялау (эмансипация)
1. Жасы он алтыға жеткен кәмелетке толмаған адам, егер ол еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн болса немесе оның заңды өкілдерінің келiсiмiмен кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын болса, толығымен әрекетке қабiлеттi деп жариялануы мүмкiн.

2. Кәмелетке толмаған адамды толығымен әрекетке қабiлеттi деп жариялау (эмансипация) оның заңды өкілдерінің келiсiмiмен қорғаншы және қамқоршы органның шешiмi бойынша не ондай келiсiм болмаған жағдайда соттың шешiмi бойынша жүргiзiледi.

3. Эмансипацияланған кәмелетке толмаған адам, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес ие болу үшiн жас шектеуi белгiленген құқықтар мен мiндеттердi қоспағанда, азаматтық құқықтарға ие болады және мiндеттердi (оның iшiнде өзiнiң зиян келтiруi салдарынан туындаған мiндеттемелер бойынша) мойнына алады.

Заңды өкілдер эмансипацияланған кәмелетке толмаған адамның мiндеттемелерi бойынша жауапты болмайды.

Ескерту. Кодекс 21-1-баппен толықтырылды - ҚР 2007.01.12 № 225 Заңымен, өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

23-бап. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандардың (жас балалардың) әрекет қабiлеттiлiгi
Ескерту. 23-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар (жас балалар) үшiн мәмiлелердi, егер заң құжаттарында өзгеше көзделмесе, олардың атынан заңды өкілдері жасайды.

2. Он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар (жас балалар) өздерiнiң жасына лайықты, жасай салып орындалатын тұрмыстық ұсақ мәмiлелердi өз бетiнше жасауға құқылы.

Ескерту. 23-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

24-бап. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының кәмелетке толмағандардың мәмiле жасауына және кәмелетке толмағандар үшiн мәмiле жасауға келiсiмi
Заң құжаттарында кәмелетке толмағандардың мәмiле жасауына және кәмелетке толмағандар үшiн мәмiле жасауға қорғаншылық және қамқоршылық органының алдын ала келiсiмi талап етiлетiн жағдайлар белгiленуi мүмкiн.

25-бап. Кәмелетке толмағандардың банкiлерге салымдар салу және салымдарға билiк ету құқығы
1. Кәмелетке толмағандар банкiлерге салымдар салуға және өздерi салған салымдарға дербес билiк етуге құқылы.

2. Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың (жас балалардың) атына басқа бiреудiң салған салымдарына олардың ата-анасы немесе өзге де заңды өкiлдерi билiк етедi, ал он төрт жасқа толған кәмелетке толмағандар өздерiнiң атына басқа бiреу салған салымдарға өз бетiнше билiк етедi.

Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.03.25 № 421-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

26-бап. Азаматты әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп тану
1. Жүйке ауруы немесе ақыл-есiнiң кемдiгi салдарынан өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе не iстегенiн бiлмейтiн азаматты сот әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп тануы мүмкiн, соған байланысты оған қорғаншылық белгiленедi.

2. Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ деп танылған азаматтың атынан мәмiлелердi оның қорғаншысы жасайды.

3. Әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адам сауығып кеткен немесе денсаулығы едәуiр жақсарған жағдайда сот оны әрекет қабiлеттiлiгi бар деп таниды, бұдан кейiн одан қорғаншылық алынады.

27-бап. Азаматтың әрекет қабiлеттiлiгiн шектеу
1. Спирт iшiмдiктерiне немесе есiрткi заттарға салыну салдарынан өзiнiң отбасын материалдық жағынан ауыр жағдайға ұшыратқан азаматтың әрекет қабiлеттiлiгiн сот Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiнде белгiленген тәртiп бойынша шектеуi мүмкiн. Оған қамқоршылық белгiленедi. Ол тұрмыстық ұсақ мәмiлелердi өз бетiнше жасауға құқылы. Басқа мәмiлелер жасауды, сондай-ақ табысын, зейнетақысын және өзге де кiрiстерiн алуды және оларға билiк етудi ол тек қамқоршысының келiсiмiмен ғана жүзеге асыра алады.

2. Азамат спирт iшiмдiктерiне немесе есiрткi заттарға және нашақорлыққа салынуды тоқтатқан жағдайда сот оның әрекет қабiлеттiлiгiне қойылған шектеудiң күшiн жояды. Сот шешiмiнiң негiзiнде азаматқа белгiленген қамқоршылықтың күшi жойылады.

28-бап. Азаматты хабар-ошарсыз кеттi деп тану
1. Егер азаматтың тұрғылықты жерiнде ол туралы бiр жыл бойы деректер болмаса, мүдделi адамдардың арызы бойынша сот оны хабар-ошарсыз кеттi деп тануы мүмкiн.

2.
Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив